Kzclipes.at.ua
Kzclipes
Жұма, 29.03.2024,   04:45   Приветствую Вас, Гость | RSS
Главная » 2014 » Наурыз » 6 » Гүлзира Айдарбекова, продюсер: «Қайраттың ең үлкен сыйы – үмітімді ақтағаны»
22:06
Гүлзира Айдарбекова, продюсер: «Қайраттың ең үлкен сыйы – үмітімді ақтағаны»
  8 наурыз қарсаңында Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбековамен сұхбаттасуға мүмкіндік туды. Қазақ жастары сүйіп тыңдайтын әншінің анасы Гүлзира ханым бүгінгі ана тақырыбы, бала тәрбиелеу ісіне немқұрайлы қарамайтынын айтып, жас аналарға қажетті кеңесін аямады. - Гүлзира ханым, бірінші кезекте 8 наурыз – Аналар мерекесімен құттықтаймыз! Қазақ жастарының сүйікті әншісіне айналған Қайраттың анасысыз әрі продюсерісіз. Осыған орай, сұрағымыз Қайраттың анасы қандай, сәйкесінше продюсері қандай адам? - Бірінші кезекте мен Қайраттың анасымын. Ешқандай да жұмыс я мамандық аналық сезімді басып кете алмайды. Ал жұмысқа келгенде мұнда да өзінің жеңілдіктері мен қиындықтары бар. Меніңше, ешқандай да продюсердің тілегі ананың баласына тілеген тілегінен аса алмайды. Баламның осындай жетістікке жетуінің кілті осында жатуы да мүмкін. Әрі продюсері, әрі анасы болу жағдайым оның жетістігінің бір кілті шығар. Қайратты тәрбиелеп өсірген еңбегім қазір өзіме «Қайраттың анасы» деген мақтанышпен айтатын жемісім болды. Мен ана ретінде оның мәдениетті, тәртіпті болуын қаласам, ал продюсері ретінде сахна талғамай, барлық елді-мекенге барып, концерт қоюын, қарапайым адамдардың арасында болуын талап етемін. - Балаңыздың әр концертінде тақымыңызды қысып, уайымдайтын шығарсыз, "Ана көңілі – балада" дейді. Қайраттай өнерпазға бала кезінде тәрбиеңіз қандай болды? Қатал, талапшыл болдыңыз ба, әлде аялы алақаныңызға салып өсірдіңіз бе? Бір сұхбатыңызда Қайраттың бала кезінде бұзық болғаны жайлы айтыпсыз. - Қайрат та өзге балалардай бұзық болды. Бала әрқашан да жаңа дүниеге талпынып, алғашқы қадамын жасап, белгілі бір мақсат қоя алатын болса – оның болашағы жақсы болады. Оның бұзықтығы кез келген нәрсені ұстап, бұзып, қайта жасап көру, яғни тәжірибе жасап, зерттеп көретін қасиет жаман қасиет емес деп ойлаймын. Бірақ оны бала кезінде тек бұзық болды деп те айта алмаймын. Себебі ол өзінің бауырларына, жақын адамдарына деген қарым-қатынасы жақсы болды, іні-қарындастарының алдында жауапкершілігі бар бала болатын. Ал қаталдық пен алақанға салып өсіруге келсек, осы екі әдістің өз орны болады, яғни ананың қатал болатын да, жұмсақ болатын да тұстары бар. Жағдайға байланысты осы екі тәрбие түрін ауыстырып қолдану керек деп ойлаймын. Меніңше, бала – бұл болашағыңа құйылатын инвестиция. Оған қаншалықты рухани байлық берсең, кейін соншалықты жеміс аласың. Сол үшін балаға барынша көп етіп инвестиция салу керек. Бала тәрбиесіне қатысты айтарым, қазір біздің қоғамда жұмысбасты әйелдер көп. Баласын үйге қалдырып, ақша табу жолында ғана жүреді. Баласына көңіл бөліп, арнайы уақытын жұмсай алмайды. Компьютерлік ойындар, теледидар, қажетсіз немесе зиянды ақпарат осындай жағдайда балаға қатты әсер етеді. Ал ата-ана бұл проблеманы оған материалдық инвестиция құюмен шешкісі келеді. Қымбат заттар әпереді, әйтеуір бір сәттік көңілін аулайды. Ал бала қандай болып шығатынын енді ойлай беріңіз. Ол кезде ананың баладан тіпті бірдеңе талап етуі дұрыс емес болып қалады. Сол үшін балаға кішкентай кезінен көңіл бөліп, тәрбиенің дұрыс формасымен айналысса, құба-құп. Ал Қайратқа бірінші кезекте Алла берген дарыны, ал кейін өзінің талапшылдығы мен ұмтылысы оның осындай азамат болып өсуіне ықпалын тигізді. - Қайраттай есімі елге таралған әншінің анасы болу қалай екен? "Өкініш" фильмінде сіз өзіңіздің өміріңіздегі рөліңізді сомдадыңыз ба, әлде қалай болды? - "Өкініш" өміріміздің бір ғана фрагменті. Қанша жыл бойы жалғасып жатқан өмірде түрлі оқиғалар болды. Әрине, сомдаған образым қазақтың қазіргі анасының бейнесі деуім керек шығар. Себебі барлық ана да баласы үшін уайымдап, жанын бере қорғаштайды ғой. Мен сол аналардың образын сомдадым. Сондықтан дәл менің өмірдегі қандай екенімді бір фильммен жеткіздім деп айта алмаймын. Баламның әр концертінде тұңғыш рет сахнаға шығып тұрғандай қобалжып, уайымдайтыным бар. - 8 наурыз мерекесінде әрбір ер адам өзінің анасына, кейін жарына құрмет көрсетеді. Бізге қызығы, ұлыңыз сізге қандай сыйлықтар жасайды? Сізге ұнағаны қайсы? - Қайраттың маған жасаған ең басты сыйлығы – жетістікке жеткізсем деген үкілі үмітімді ақтағаны. Бұрын «Нұртас пен Гүлзираның баласы Қайрат» болса, қазір «Қайраттың ата-анасы» деген жетістікке жеттік. Ата-ана баладан бұдан артық қандай сыйлық күтуі керек? Ал енді материалдық сыйлықтарды айтсам, көлік те, әшекей-бұйым да, басқа да сыйлықтар баламның келіп, бетімнен бір сүйгенінің қасында түк емес. Қайраттың әке-шешеге деген құрметі ерекше. Қайрат маған да, әкесіне де ешқашан қарсы келмейді, тыңдамай, өз бетімен кеткенін көрмеппін. Оның үлкенді сыйлап, айтқанын істейтін қасиеті үлкендердің өмір тәжірибесін көрген, түбі үлкендігі дұрыс болатынына кәміл сенгенінен пайда болды. Қайратқа Алланың назары түсіп, осындай жетістікке жетуі де бізді, ата-анасын риза қылуынан шығар деп ойлаймын. - Өнер адамының жеке басына араласқымыз келмейді, сондықтан да оның өнеріне қатысты сұрақ қойсақ: Қайраттай ұл тәрбиелеп өсіремін деуші аналарға қандай кеңестер айтасыз? - Аналардың басты қателігі жоғарыда айтып өткенімдей – жұмысбастылық. Аналар сол үшін де өзін баласының алдында кінәлі сезінеді. Көп назар аудара алмай, тек материалдық тұрғыда көмек беріп отырса бала дандайсып, тасжүрек, дүниенің қадірін білмейтін адам болып шығады. Сондықтан аналарға айтар кеңесім, ананы ана қылатын оның мейірімі. Сол үшін баласын құшақтап, маңдайынан иіскеп, мейірімін төксе, бала өзінің махаббат қоршаған ортада өскенін сезініп, әр нәрсенің қадірін біліп өседі. Парасат пайымы мен өмірге деген көзқарасы кез келген ортада ешкімнен жасқанбай, ашық-жарқын әңгіме құра алатын, пікірі қалыптасқан тұлғаға айналуға мүмкіндік жасайды. Жетістікке жетемін деген бала өнеге көруі керек, ал оның материалдық жағы әкесінің мойнында болса дұрыс. Яғни біздің ер адамдарымыз мықтырақ болып, отбасын асырауда басты рөлді өздеріне алып, барлық жағынан кемшілік көрсетпеуі тиіс. Жетістікке жетеміз десек, ұрпағымыздың сапасын ойлауымыз керек. Ол үшін қыздарымыз ана болуды, жігіттер отбасы құру мен ұрпақ жалғастығын ойлағаны жөн. - Күні кеше ғана Қайрат Ресейге, Омск қаласына барып, концерт беріпті. Ресейдегі қазақтар Қайратты тыңдай ма екен? - Иә, 27 ақпан күні Қайрат Омскідегі концертін өткізді. Дәл сол күні Паралимпиаданың ашылу күні екен. Десе де, концерттік зал лық толы болды. Тыңдармандар басқа қалалардан да арнайы келгенін естігенімде қатты толқыдым. Олардың Қайратты тыңдайтынын, соншалықты қатты сыйлайтынын бірден байқадық. Мұның бәрі тыңдармандардың да, ұйымдастырушылардың да бізге деген ерекше құрметінен көрініп тұрды. Тіпті кішкентай балалары да тәп-тәтті дауыстарымен «Ауырмайды жүрек» әнін айтып қарсы алған кезде, көзіме жас алдым. Концерт біткенде де, халық Қайратты жібергісі келмей, тағы да ән айта түссе екен деді. Соңында тыңдарман да, біз де үлкен әсермен қайтқан керемет кеш болды. Тағы бір айта кетерлігі, Омск қаласында концерт ұйымдастырып берген адамдар Қайратты сыйлағаны соншалықты, сол қаладан Астанаға дейін лимузинмен шығарып салды. Бұл да Қайраттың жетістігі дер едім. - Енді жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз, концерттер немесе клиптер шыға ма? - Иә, «Келші, жаным» әніне клип түсіруді бастап кеттік. Сонымен бірге, белгілі «Тақиялы періште» фильмінде айтылатын «Ана» әнінің сазгері Александр Зацепиннен қағаз жүзінде арнайы авторлық құқық алып, сол әнді орындағалы жатыр. Фильмде «Мама» болса, ал Қайрат оны «Ана» деп айтатын болды. Оның да бейнеклипін түсіру алдағы жоспарымызда бар. Оның режиссері – Рашид Адай Сүлейменов. Алла бұйырса, халыққа ұсынамыз деп отырмыз. - Әңгімеңізге рақмет! Табыс тілейміз! Сұхбаттасқан: Ардақ Құлтай
Просмотров: 949 | Добавил: Kzclipes
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Сәлем!!!
Сайтқа тіркелмеген  болсаңыз,тіркелуіңізді сұраймын!!! Ал тіркелген болсаңыз,сізге көп-көп рахмет!!!
by Kzclipes © 2014-2015
Войти на сайт
Войти Зарегистрироваться